Елорда шетінде абаттандыру ережелері бұзылды: Howo маркалы автобетоносмеситель жүргізушісі бетон қоспасының қалдығын су қорғау аймағының дәл өзінде жуып, ортақ пайдаланылатын аумақты ластады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Оқиға бейнежазбаға түсіп қалған. NUR.KZ-тің Астана қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлауынша, бұл дерек бойынша жүргізушіге заңда көзделген шаралар қолданылды — ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Howo маркалы автобетоносмеситель жүргізушісі бетон қоспасының қалдығын су қорғау аймағының дәл өзінде жуып, ортақ пайдаланылатын аумақты ластады және белгіленген абаттандыру ережелерін бұзды. Бұл дерек бойынша жүргізушіге заңда көзделген шаралар қолданылды. Ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — делінген хабарламада.

Елордалық полиция ортақ пайдаланылатын аумақтардың, соның ішінде су қорғау аймақтарының құрылыс қалдықтарын үюге, қоқыс тастауға немесе құрылыс техникасын жууға арналмағанын еске салды.

«Мұндай бұзушылықтар қоршаған ортаға зиян келтіріп, қаланың санитарлық жағдайына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты рейдтік шаралар жалғасады», — деп қосты полиция департаментінде.

Ағымдағы жылдың басынан бері ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны және абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 34 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны атап өтілді.