Астанада ондаған отбасы баспанасыз қалу қаупіне тап болды. Құрылыс компаниясының басшылығы бір пәтерлерді бірнеше адамға сатып жіберген, деп infohub.kz хабарлайды.

Астанада бір пәтерлерді бірнеше рет сатты деп күдікке ілінген құрылыс компаниясының басшылығына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Айыптау актісі сотқа жолданды. Тергеу дерегінше, жалпы шығын 4,5 млрд теңгеден асқан.

Зардап шеккендердің арасында Маликовтар отбасы бар. Олар 2024 жылы пәтер сатып алып, мәміле рәсімдеп, меншік құқығын тіркеп, пәтерге кіріп кеткен. Бірақ бірнеше айдан кейін пәтерге тыйым салынды.

«Пәтер иесімен сатып алу-сату шартын жасадық. Ақшаны толық төлеп, мәмілені аяқтадық. Екі күннен кейін eGov арқылы пәтерде ешқандай шектеу жоқ екені туралы анықтама алдық. Пәтер таза, атымызға тіркелді. Кіріп, жаңа үй тойын өткіздік. Бірақ 2025 жылдың күзінде пәтерге тыйым салынғанын білдік», — деді Астана тұрғыны Самат Маликов.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, ондаған сатып алушы осындай жағдайға тап болған. Зардап шеккендер ретінде 51 адам және бір заңды тұлға танылған. Құжаттарда сатушы ретінде «International Invest Company IIC» ЖШС көрсетілген.

«2025 жылдың 10 қаңтарында мен үш пәтер сатып алдым. Компанияға қолма-қол ақша төледім. Ақшаны компания иелері өз қолдарымен қабылдады. Олар ақшаны өздері санап, алып, маған үш келісімшарт пен үш төлем тапсырмасын берді. Содан кейін құрылысқа рұқсат, пайдалануға беру актісі, №2 нысан сияқты барлық құжаттарды көрсетіп, бәрі заңды екенін, пәтерге кіріп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге болатынын айтты», — деді ол.

Елордалық Экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, төрт адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Тергеушілердің пікірінше, шарттар компания кеңсесінде айыпталушылардың қатысуымен жасалып, ақша берілген.

Ведомство дерегінше, ақша олардың жеке шоттарына түскен, бірақ бухгалтерлік құжаттарда да, банк жүйесінде де бұл ақшаның кімге тиесілі екені көрінбеген. Тергеу бұл схема салық төлеуден жалтаруға мүмкіндік берген деп есептейді. Сондай-ақ, екі жыл бойы бір пәтерлердің бірнеше сатып алушыға сатылғаны анықталған.

«Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, айыптау актісін Астана қаласының прокуратурасы бекітті, содан кейін қылмыстық іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына қарауға жіберілді. Сотталушылар ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы және 399-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деп айыпталуда», — делінген құқық қорғау органдарының хабарламасында.

Астана прокуратурасы айыптау үкімі шыққан жағдайда фигуранттарға 5-тен 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін екенін айтты. Тыйым салынған пәтерлердің одан әрі тағдырын сот анықтайды.

Сатып алушылар өз құқықтарын азаматтық тәртіпте қорғауға мәжбүр болатынынан қауіптенеді. Олардың көпшілігі сатып алған баспанасы жалғыз жылжымайтын мүлік екенін айтады.