Астанада сот BMW жүргізушісін 15 тәулікке қамады. Ол үш ай ішінде Жол қозғалысы ережелерін 87 рет бұзған, оның ішінде бірнеше рет жылдамдықты асырған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

29 жастағы BMW көлігінің жүргізушісі «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Астана полиция департаментінің мәліметінше, ол биылғы наурыздан маусымға дейін 87 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған.

Оның 55 жағдайында камералар белгіленген жылдамдықтың асырылғанын тіркесе, 32 рет көлік маршруттық көліктерге арналған жолақпен жүрген. Полиция мысалдар келтірді: наурызда Тұран даңғылы мен Ақмешіт көшесінде көлік жылдамдығы 129-131 км/сағ жеткен. Маусымда Ғ.Мұстафин көшесінде жылдамдық 126 км/сағ, ал К.Мұхамедханов көшесінде рұқсат етілген 60 км/сағ кезінде 151 км/сағ болған.

«Жүйелі түрде құқық бұзушылық жасап, қоғамға ашық түрде құрметсіздік танытқаны үшін полиция қызметкерлері бұзушыны ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты», — деп қосты полиция департаменті. Сот шешімімен ер адам 15 тәулікке қамалды.

Полиция Жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзу, агрессивті жүргізу стилі және басқа жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіру жазасыз қалмайтынын ескертті.