Астанада Mercedes-Benz көлігін айдаған жүргізуші қала жолында қауіпті маневрлер жасағаны үшін әкімшілік қамауға алынды. Бұл шешімді әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана соттарының Telegram-арнасында мәлім еткендей, құқық бұзушылық 30 қыркүйекте анықталған. Mercedes-Benz жүргізушісі Жұмабаев көшесімен қиылыста дрифт жасаған: көліктің артқы бөлігін әдейі сырғыта отырып, қауіпті маневрлерді көрсетіп орындаған.

Бүгін Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұл істі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша қарады. Аталған баптың санкциясы 20-дан 60 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарды не 5-тен 10 тәулікке дейінгі әкімшілік қамауды көздейді. Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындады.

«Жаза тағайындау кезінде сот жасалған құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, оның әдейі, жария және көрсетіп жасалған сипатын ескерді. Құқыққа қайшы мінез-құлық жол жүрісі қағидаларының талаптарын өрескел бұзумен қатар жүріп, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірді. Мән-жайлардың жиынтығын ескере отырып, сот 10 тәулікке әкімшілік қамау түріндегі әкімшілік жаза тағайындау қажет деген қорытындыға келді», — делінген хабарламада.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.