Астанада қауіпті жүргізуді әдетке айналдырған жүргізуші әкімшілік қамауға алынды: Mercedes-Benz көлігін тұрғын үйлердің дәл қасында дрифтке салған жүргізуші осылайша он тәулікке бостандығынан айырылды. Іске елордалық прокуратура мен полиция араласты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Құқық қорғау органдары көлік жүргізушісінің әрекетін қоғамдық тәртіпті әдейі бұзу және адамдарға қауіп төндіру деп бағалады.

«Тұрғын үйлердің қасында көліктің артқы бөлігін сырғытып, дрифт жасап, қауіпті маневрлер жасаған «Mercedes-Benz» жүргізушісі айналасындағыларға қауіп төндірді», — делінген хабарламада.

Бұзушылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы — ұсақ бұзақылық бойынша тіркелді. Ауладағы дрифт жүргіншілерге нақты қауіп төндіргендіктен, сот жай ғана айыппұлмен шектелмей, бұзушыға он тәулік қамау жазасын тағайындады.

Прокуратура енді полициямен бірлесіп осындай жүргізушілерді тұрақты түрде анықтап, жазалайтынын атап өтті. Басты мақсат — қауіпті жүргізу үшін жауапкершіліктен құтылу мүмкін емесін көрсету. Жүргізушілерді жол жүру ережелерін сақтауға және өзгенің өмірін қатерге тікпеуге шақырды.

Бұған дейін «Курсив» биылғы сегіз айда республикада 21,4 мың жол-көлік оқиғасы болғанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға аз екенін жазған. Өлім-жітім 15%-ға қысқарып, апат құрбандары 1230 адамды құрады (бір жыл бұрын 1400 еді).

Оң үрдіс елдің барлық дерлік өңірінде байқалады. Мәселен, 20 өңірдің 17-сінде апат саны азайды. Жол-көлік оқиғаларының саны ең көп қысқарған аймақтар — Ұлытау, Абай және Маңғыстау облыстары. Ал жолдағы өлім-жітімнің ең айтарлықтай азаюы Шығыс Қазақстан, Алматы және Атырау облыстарында тіркелді.