Астанада Астана күні қарсаңында өткен дрон-шоуды ұйымдастырушыға әкімшілік жауапкершілік қолданылуы мүмкін. Әкімдіктің мәлімдеуінше, шара олармен келісілмеген, деп хабарлайды infohub.kz.

Астана әкімдігі 5 шілдеде өткен дрон-шоу ұйымдастырушысының көрермендік іс-шараларды өткізу тәртібін бұзған болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Осы факті бойынша тексеру басталды.

Қалалық әкімдік ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылған шоудың Астана күнін мерекелеудің ресми бағдарламасына кірмегенін және жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырмағанын атап өтті.

«Астана қаласының әкімдігіне дрон-шоуды ұйымдастыру және өткізу туралы хабарлама жіберілмеген. Осыған байланысты Астана қаласының әкімдігі аталған шараны келісу, ұйымдастыру не өткізу туралы шешім қабылдамаған. Астана қаласының әкімдігі мен аталған шараны ұйымдастырушылар арасында шарттар, келісімдер, меморандумдар немесе өзге құжаттар жасалмаған», — делінген әкімдік жауабында.

Ведомство ұйымдастырушы іс-шараға дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей жазбаша хабарлама жіберуге, сондай-ақ бағдарлама, регламент және сценарий ұсынуға міндетті екенін еске салды.

Әкімдіктің дерегінше, ұйымдастырушының әрекеттерінен ӘҚБтК-нің 488-1-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық белгілері байқалады.

«Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде, оның нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті шешім қабылданады», — деп хабарлады әкімдікте.

Сондай-ақ билік шоуды өткізу мән-жайын зерттеп, оның жосықсыз немесе жасырын жарнама белгілерін, сондай-ақ жарнама туралы заңнаманың басқа да ықтимал бұзушылықтарын қамтыған-қамтымағанын тексереді.

Еске салайық, дрон-шоу 5 шілдеде өткен болатын. Шарадан кейін елорда тұрғындары мен қонақтары әлеуметтік желілерде оны сынға алып, қысқа бағдарлама мен көп жарнамаға назар аударды. Кейін Aspan Galaxy компаниясы шоудың Қазақстандағы Энрике Иглесиастың алдағы концерттеріне арналғанын және қажетті келісімдер алынғаннан кейін өткізілгенін мәлімдеді. Алайда әкімдік бұл ақпаратты жоққа шығарды.