Қазақстан астанасында екі шетелдік азамат ұсталды. Олардың көлігінен полицейлер жалпы салмағы бір келіден астам есірткі заты салынған чемодан тапты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, ұсталғандар есірткі заттарын сақтаумен және таратумен күдікке ілінген. Олардың жасы — 21 және 37-де.
Ұсталғандар жүрген Changan маркалы көлікті тексеру кезінде салоннан чемодан табылды. Оның ішінде есірткі заты салынған үш пакет, сондай-ақ сұйық құрамды есірткі заты құйылған капсулалар болған.
Сонымен қатар ұсталғандардың бірінің сөмкесінен де осындай сипаттағы заттар табылды.
Барлық табылған зат жалпы салмағы бір келіден астам болып, тәркіленді. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандардың екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция есірткі құралдарын сақтау, тасымалдау және тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды. Есірткі құралдарының заңсыз айналымын анықтау және олардың астана аумағында таралуына жол бермеу жұмыстары жалғасады.


