Елордада Есіл өзенін тазарту және экологиялық қалпына келтіру жұмыстары күшейтілді. Астана әкімдігінің мәліметінше, биыл жекелеген учаскелерде судың гүлдену қарқындылығы аномальды ыстық пен су деңгейінің төмендеуіне байланысты көпжылдық көрсеткіштерден асып түсті, деп хабарлайды infohub.kz.
Өзеннің жай-күйіне сыртқы факторлар да әсер етеді: су сапасы жоғарғы аймақтардағы жағдайына байланысты. Қосымша жүктемені биогенді заттар — азот пен фосфор қосылыстары, сондай-ақ органикалық ластанулар тудырады. Сарапшылар өзенге және оның салалары — Сарыбұлақ пен Ақбұлақ бұлақтарына рұқсатсыз ағындылардың түсу ықтималдығын жоққа шығармайды. Мұның бәрі көк-жасыл балдырлардың белсенді дамуына ықпал етеді.
Ағыны әлсіз тұйық учаскелерде гүлденумен күресу үшін жасыл микробалдыр — хлорелла суспензиясын қолдану жоспарлануда. Әкімдікте бұл әдіс экологиялық қауіпсіз және химиялық заттарға балама екенін атап өтті. Хлорелла көк-жасыл балдырлардың көбеюіне ықпал ететін азот пен фосфор қосылыстарын белсенді түрде сіңіріп, олардың дамуын тежеп, су қоймасының табиғи биологиялық тепе-теңдігін қалпына келтіреді. Фотосинтез процесінде ол суды оттегімен байытып, балықтар мен басқа су ағзалары үшін қолайлы жағдай жасайды, сондай-ақ табиғи өзін-өзі тазарту процестеріне ықпал етеді.
Экологтар хлорелланы қолданудың әсері біртіндеп болатынын атап өтеді: биологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру уақытты қажет етеді, ал алғашқы нәтижелер суспензия енгізілгеннен кейін бірнеше аптадан соң күтіледі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде «Тұлпар» көпірінің маңындағы суда ашық-жасыл жабынды бейнеленген фото және видео пайда болып, қала тұрғындарының алаңдаушылығын тудырған еді. Қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасы мамандар экология департаментімен бірлесіп учаскені тексеріп, зертханалық зерттеулер үшін су сынамаларын алғанын хабарлады. Онда жекелеген учаскелерде жоғары ауа температурасы, ағынның төмен жылдамдығы және қолайлы гидрометеорологиялық жағдайлар кезінде фитопланктонның (цианобактериялардың) қарқынды дамуынан туындаған маусымдық құбылыс — судың гүлденуі байқалатыны түсіндірілді.


