Астанада гашиш майын заңсыз айналымға түсірді деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Тінту кезінде 1,5 келіден астам есірткі тәркіленіп, негізгі дәлел ретінде қарапайым мантоварка алынды. Оны затты балқыту үшін пайдаланған, деп хабарлайды infohub.kz.

Полиция мәліметінше, 24 және 23 жастағы елорда тұрғындары бір кіреберістегі екі түрлі қабаттағы пәтерді жалдаған. Тергеу нұсқасы бойынша, олар бірлесіп әрекет етіп, интернет-мессенджерлер арқылы есірткі таратып, жасырын орындар ұйымдастырған.

«Тінту кезінде екі пәтерден де сары түсті сұйық консистенциялы гашиш майы, электронды таразы, орау материалдары және есірткі салынған ыдыстар табылды», — делінген полиция хабарламасында.

Сонымен қатар, пәтерлердің бірінің ас үйінен есірткі қалдықтары жабысқан мантоварка алынды. Тергеу дерегінше, күдіктілер гашиш майын бөлшектеп, одан әрі тарату үшін осы құрылғыда балқытқан. Барлығы полиция 1,5 келіден астам гашиш майы мен марихуананы тәркіледі.

«Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп қосты полицияда. Ведомство есірткі сақтау мен таратудың қылмыстық жауапкершілігін ескертіп, тұрғындарды осындай деректерді хабарлауға шақырды.