Астана полицейлері есірткінің интернет-дүкенінің қоймасы болуы мүмкін жерді анықтады: 33 жастағы күдіктінің пәтерінен тыйым салынған заттар салынған 2 мыңнан астам орам тәркіленді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ер адам есірткіні сақтау және тарату күдігімен ұсталды. Жеке тінту кезінде оның белдік сөмкесінен өзіне тән иісі бар сұр-жасыл өсімдік тектес зат салынған орамдар табылды. Сараптама оның марихуана екенін анықтады.

«Күдіктінің пәтерін тінту барысында түрлі түсті изолентамен оралған, ұқсас заты бар 2 мыңнан астам орам табылды. Сонымен қатар, сараптама қорытындысы бойынша гашиш майы болып табылатын сұйықтық құйылған ыдыстар тәркіленді. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы екі келіден асты», — деп хабарлады Астана қаласының полиция департаменті.

Полиция мәліметінше, ұсталған адам мессенджерлер арқылы тыйым салынған заттарды таратқан интернет-дүкеннің «қойма» қызметін атқарған. Медициналық куәландыру кезінде ер адамның есірткі қолданғаны да анықталды.

Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір полицейлер есірткінің заңсыз айналымына қатысы болуы мүмкін басқа адамдарды анықтап жатыр.

Астана қаласының полиция департаменті тыйым салынған заттарды сақтау, өткізу және тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.