Астанада құқық қорғау органдары есірткі таратуға қатысы бар деп күдіктелген бес ер адамды ұстады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталы мәлім еткеніндей, полицейлер Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп, жалдамалы пәтерлерде 30 жастан асқан бес ер адамды ұстаған. Олар интернет-дүкен арқылы есірткі таратты деп күдікке ілінген.

Қылмыстық схема «ұйымдастырушы — қаптаушы — қоймашы — салушы» иерархиясымен жұмыс істеген. Күдіктілер тәулік бойы тұтынушыларды каннабис тобындағы есірткімен — марихуана, гашиш, каннабис шайыры және басқа да түрлерімен қамтамасыз етіп отырған деп болжануда.

«Полицияның назарын ерекше аударғаны — ұсынылған ассортиментте каннабис шайыры қосылған печеньелер болды. Салмағы 100 грамнан тұратын осындай 238 дана кондитерлік өнім тәркіленді. Күдіктілердің тұрған жерлерінде тінту жүргізіліп, 12 келіге жуық түрлі есірткі, оның ішінде 8 келіден астам марихуана, 1,5 келі гашиш және 2 келі каннабис шайыры алынды», — деп хабарлады ведомствода.

Сонымен қатар қомақты көлемдегі қолма-қол ақша, банк карталары, ұялы телефондар, электрондық таразылар, брикеттер, вакуумдау мен қаптауға арналған құралдар, түрлі-түсті изолента және есірткі сатуға қатысты басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Ұсталғандарға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер қамауға алынды.