Астананың 19 тұрғыны тапсырыс бойынша жиһаз жасауды ұсынған алаяқтардың құрбаны болды. Жалпы шығын 24,6 млн теңгеден асты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Елордада сот тапсырыс бойынша жиһаз жасау кезінде алаяқтыққа қатысты екі айыпталушыға үкім шығарды. Олардың әрқайсысы алты жылға бас бостандығынан айырылды.

Бас прокуратурада хабарлағандай, зардап шеккендердің бірі Instagram-да жиһаз жасау туралы жарнаманы көріп, келісімшарт жасасқан. Өлшемдерді алғаннан кейін ол 4,5 млн теңге көлемінде ақша аударған. Алайда одан кейін екі алаяқ байланысқа шықпай қойған.

Олардың әрекеттерінен 19 азамат зардап шекті, шығын 24,6 млн теңгеден асты. Сотта мемлекеттік айыптаушы екі айыпталушының да кінәсін дәлелдейтін барлық дәлелдемелерді ұсынды.

Сот үкімімен олардың әрқайсысына 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық қызметтерді атқару құқығынан 10 жылға айыру жазасы қолданылды, деп қосты қадағалау органы.

Зардап шеккендердің азаматтық талаптары толық көлемде қанағаттандырылып, айыпталушылардан өндірілуге жатады.