Астанада бейнебақылау жүйесі халықаралық іздеуде жүрген 24 жастағы ер адамды таныды. Полиция қызметкерлері алынған деректерді тексеріп, оны ұстады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің ведомстволық сайтында хабарланғандай, цифрлық бейнебақылау жүйесі құқық қорғаушыларға іздеудегі адамды табуға көмектесті. Технология бет-әлпетті тану және азаматтарды іздеу үшін қолданылады.
«Жүйе суреттерді ақпараттық базалардағы деректермен автоматты түрде салыстырады. Іздеу тек фотосурет бойынша ғана емес, сыртқы белгілері — жынысы, жасы, сақалы, көзілдірігі, маскасы немесе бас киімі бойынша да жүргізіледі. Сонымен қатар, технология танылған адамның қозғалыс бағытын бейнебақылау камералары арқылы бақылауға мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.
Цифрлық шешімнің тиімділігі нақты нәтижелермен расталады. «Мәселен, бейнебақылау барысында жүйе ұрлық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген 24 жастағы ер адамды таныды. Ақпаратты полиция қызметкерлері тексергеннен кейін ер адам ұсталды. Полиция заманауи бейнебақылау жүйелерін енгізу қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, іздеудегі адамдарды уақтылы анықтауға және құқық қорғау органдарының жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтеді», — деп қосты полиция.


