Астана — Қарағанды — Алматы республикалық маңыздағы тасжолында жасанды интеллект элементтері бар камералар жол-көлік оқиғасының сәтін түсіріп алды. Апаттық белгі жағылмай тұрып қалған көлік қайғылы жағдайға әкеп соқтыра жаздады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, ЖИ-камералар Астана — Қарағанды — Алматы республикалық маңыздағы тасжолындағы ЖКО сәтін тіркеді.

Кадрларда жүк көлігінің төмен жылдамдықпен қозғалып, кейін жүріс бөлігінде тоқтағаны көрінеді. Алайда апаттық жарық сигнализациясы қосылмаған. Артынан келе жатқан жеңіл көлік жүк көлігімен қақтығысты.

Соққыдан жеңіл көлік жүріс бөлігінен шетке шығып, аударылып түсті. Оқиғаның мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр.

«ҚазАвтоЖолда» еске салғандай, мәжбүрлі тоқтаған кезде дереу апаттық сигнализацияны қосып, жол қозғалысы ережелерінің талаптарына сәйкес апаттық тоқтау белгісін орнату қажет. Сондай-ақ жүргізушілер қауіпсіз қашықтықты сақтап, алдағы жағдайды үнемі бақылап отыруы тиіс.

Еске салайық, бұған дейін ЖИ-камералар Астана — Теміртау тасжолындағы апаттарды түсірген болатын.