Қостанайда жауапкерлер жол-көлік оқиғасында зардап шеккен кәмелетке толмағанға моральдық зиян үшін 5 миллион теңге төлеуге ерікті түрде келісті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қостанай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Қостанай қалалық соты әйелдің кәмелетке толмаған баласының мүддесіне екі жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қарсы залалды өтеу және моральдық зиянды өтеу туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады.

Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың мамыр айында Астана – Қарағанды тас жолында жүк және жеңіл көліктердің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан жеңіл көлікте болған кәмелетке толмаған баланың денсаулығына ауыр зиян келтірілген.

Алған жарақаттарына байланысты ол стационарлық емнен өтіп, нейрохирургиялық операция жасатқан.

ЖКО-ға байланысты талапкер моральдық зиянды өтеу, сондай-ақ заңгерлік қызметтерге ақы төлеу шығындарын өндіріп алу туралы талаптар қойған.

Сот отырысы барысында тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келді. Келісім шарттарына сәйкес, жауапкерлер зардап шеккенге моральдық зиян үшін 5 миллион теңге және заңгерлік қызметтерді төлеу үшін 300 мың теңге төлеуге міндеттенді.

Сот медиативтік келісімнің мазмұнын тексеріп, оның заңнама талаптарына сәйкестігін анықтап, оны бекітуге болады деген қорытындыға келді. Дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сотпен бекітіліп, азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.

Медиативтік келісімнің шарттары сот оны бекіткен сәттен бастап күшіне енеді және тараптардың орындауы үшін міндетті болып табылады.