Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында қасбеті құлаған ғимаратқа жүргізілген техникалық сараптаманың нәтижелері жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының өкілі сот отырысында үйдің кепілдік мерзімі аяқталғанын, сондықтан оған қазіргі уақытта бақылау жүргізілмейтінін айтты. Прокурор Нұрдәулет Әбуов 2017 жылғы 3 қарашада жүргізілген сараптама қорытындысынан үзінділер оқыды.

Құжатқа сәйкес, тексеру барысында қабырғалар мен терезе беткейлерінде тік және көлбеу жарықтар, сондай-ақ қасбеттің жекелеген учаскелерінде қабырға кірпіштерінің босаңсуы мен ішінара бұзылуы, ғимараттың іргетас бөлігінің цокольдік әрлеуінің қабыршақтануы анықталған. Анықталған ақаулар сыртқы қабырғалардың әрлеуінің функционалдық жарамдылығына кері әсерін тигізеді, сондықтан бүлінген әрлеу учаскелерін қалпына келтіру қажет. Сарапшылар кірпіш қалауының әрлеуін қалпына келтіре отырып, күрделі жөндеу жүргізу қажеттігі туралы қорытындыға келген. Сыртқы қабырғалардың физикалық тозуы 40 пайызды құрады.

Сараптамада сондай-ақ тексерудің әртүрлі нүктелері бойынша деректер кестелері келтірілген. Қабырғаларда жекелеген жарықтар мен ойықтар бар екені, кей жерлерде жіктердің желденуі, кірпіш қалауының босаңсуы, жекелеген кірпіштердің түсіп қалуы, карниздер мен перемычкаларда жарықтар, қабырға беттерінің ылғалдануы байқалғаны атап өтілген.

Сарапшылардың ұсынымдарының ішінде — жарықтар пайда болған жерлерді нығайта отырып, қабырғалардың ішкі және сыртқы әрлеуінің зақымдалған учаскелерін қалпына келтіру, баспалдақ алаңының еден жабынын жөндеу, баспалдақ тамбурларының ішкі есіктерін жөндеу. Сондай-ақ ақаулы учаскелердегі электр желілері мен аспаптарды ауыстыру, металл бұйымдар мен конструкциялық элементтерге коррозияға қарсы құраммен өңдеу ұсынылған. Барлық жұмыстар құрылыс нормаларына сәйкес орындалуы тиіс.

Сараптама қорытындысында техникалық тексеру нәтижелері бойынша кірпіш тұрғын үйдің құрылыс конструкцияларының физикалық тозуы тұтастай алғанда №2 «Жарамды жұмыс жағдайы» санаты бойынша бағаланатыны көрсетілген. Үйдің жалпы физикалық тозуы 31 пайызды құрайды. Конструкциялар мен инженерлік желілердің пайдалану сенімділігін қалпына келтіру үшін қасбетті, цокольді, шатырды, ішкі әрлеуді, баспалдақ алаңын және инженерлік коммуникацияларды жөндеу қажет.