Астанада Кенесары көшесіндегі лепнина элементтері бар ғимараттың қасбетін жөндеу қала тұрғынының наразылығын тудырды. Ол Threads әлеуметтік желісінде жария түрде шағымданды. Жарияланым авторын ерекше алаңдатқаны – жұмыстарға елордалық урбанистика орталығының қатысы барлығы, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Сіздердің бұған қатысып жатқандарыңызға сенгім келмейді! Астанада сіздер жасаған қаншама тамаша жоба бар, ал Кенесары сәулетіне осылай қарайсыздар ма? Ондаған жылға шыдаған, бірақ сіздердің жаңартуларыңызға шыдамайтын лепнинаға арматура салу дегеніңіз не?» – деп жазды әйел.
Осы өтінішке жауап ретінде Астана урбанистика орталығы барлық сәулеттік бөлшектер мен лепнина элементтері сақталатынына сендірді.
«Олар алдын ала сканерленіп, қазір бастапқы өрнекте табиғи тастан қайта жасалуда. Бүгінгі таңда бұл элементтер дайындалу кезеңінде тұр. Қасбеттегі жұмыстар әлі жалғасуда, сондықтан қазір көріп отырғаныңыз – түпкілікті нәтиже емес», – деді урбанистика орталығында.
Әйел ғимарат авторы-сәулетшінің ойындағыдай болып қалуы үшін түпнұсқа лепнинаны неге қалпына келтіруге болмайтынын сұрады.
«Астана жағдайында сылақ қасбет, өкінішке қарай, ұзаққа шыдамайды, уақыт өте жарылып, қабыршақтанады. Сондықтан мұнда табиғи таспен ұзаққа төзімді шешім қабылданды, бұл ретте барлық сәулет және сәндік элементтер сақталады. Сонымен қатар, шатырды қоса алғанда, бүкіл үй кешенді түрде жөнделуде. Жұмыстардың аяқталуын күтіп, содан кейін нәтижені бағалайық», – деп жауап берді орталық жарияланым авторына.


