Астана тұрғыны Төле би мен Сығанақ көшелерінің қиылысындағы үздіксіз кептеліске наразылық білдірді. Ол кептелістің тек қарбалас уақытта ғана емес, күндіз және демалыс күндері де туындайтынын айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Threads әлеуметтік желісіндегі astdev_yerzhan деген пайдаланушы өз жазбасында астаналық қиылыстың бірінен өту кезіндегі айтарлықтай қиындықтарға назар аударды. Жазба авторы қала билігін жол қозғалысын ұйымдастыруды талдауға, тұрақты кептелістің себептерін анықтауға және осы учаскенің өткізу қабілетін арттыру шараларын қолдануға шақырды.

NUR.KZ тілшісі Астана әкімдігінің баспасөз қызметінен түсініктеме сұрады. Онда Төле би мен Сығанақ көшелерінің қиылысында LRT құрылысы жүргізіліп жатқанын түсіндірді.

«Сығанақ көшесі — елорданың оң және сол жағалауын байланыстыратын, қала тұрғындары сұранысқа ие негізгі көлік артерияларының бірі. Құрылыс жұмыстарына байланысты жекелеген учаскелерде қозғалыс жобаны іске асырудың ағымдағы кезеңдеріне сай ұйымдастырылған. Жол қозғалысын ұйымдастырудың өзгеруі уақытша сипатта және құрылыс жұмыстарын қауіпсіз әрі дәйекті жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жұмыстар қолданыстағы көлік жағдайын және көше-жол желісі бойынша қозғалысты қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүргізілуде», — деді әкімдікте.

Тұрғындарға құрылыс кезеңдері аяқталған сайын жол желісінің өткізу қабілетін қалпына келтіру және одан әрі арттыру үшін жағдай жасалатынына сендірді. LRT құрылысы заманауи әрі тиімді көлік жүйесін қалыптастыруға, халықтың ұтқырлығын арттыруға және елорда тұрғындары мен қонақтарының жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға бағытталғаны атап өтілді.