Ақмола облысының табиғат қорғау прокуратурасы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ірі заңсыз қоқыс полигонының жұмысын тоқтатып, 130-дан астам заңбұзушыны жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды infohub.kz.
Тексеру барысында прокурорлар Целиноград ауданынан рұқсат құжаттарынсыз 3 гектар жер учаскесінде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, қабылдау және сақтаумен айналысқан кәсіпкерді анықтады. Дәл осы аумақта 2026 жылы бірнеше ірі өрт болып, маңайдағы елді мекендердің тұрғындарына қауіп төндіріп, экологияға зиян келтірген.
2026 жылғы 8 шілдеде аудандық сот кәсіпкерді экологиялық нормаларды бұзғаны үшін кінәлі деп таныды. Кәсіпкерге 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, оның кәсіпорнының қызметі алты айға тоқтатылды.
Сонымен қатар, прокурорлар құрылыс және тұрмыстық қоқыстарды рұқсатсыз тастаудың көптеген фактілерін анықтады. Уәкілетті мемлекеттік органдарға стихиялық қоқыс үйінділерін дереу жою туралы тапсырмалар берілді. Бұдан басқа, соңғы екі күнде қадағалау органы абаттандыру ережелерін бұзу және ортақ пайдалану орындарын — саябақтарды, скверлерді және жағалау аймақтарын ластаудың 130-дан астам дерегін тіркеді. Барлық кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


