Астанадағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсететін «Қорғау» дағдарыс орталығында қайырымдылық шара өтті. Кездесу Біріккен Ұлттар Ұйымының «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» халықаралық акциясына орайластырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Акцияның демеушісі ретінде BAT Kazakhstan халықаралық компаниясы танылды. Орталыққа тоңазытқыш, шаңсорғыштар, ортопедиялық матрастар, азық-түлік және гигиена құралдары табысталды.
Сонымен қатар орталыққа келгендер үшін аспаздық шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Жоғары санатты акушер-гинеколог Сұңқар Хангельдина жеке кеңестер берді.
«Бұл жерге келген әйелдер бұған дейін күйзеліс бастан өткерген. Мұндай жағдайда олар ерекше осал болады. Бұл денсаулыққа да әсер етуі мүмкін. Ал өз денсаулығына күтім жасау мен аурудың алдын алу — әр әйелдің өмірінің маңызды бөлігі», — деп атап өтті ол.
Орталыққа келгендер үшін косметолог Галия Жандавлетова да шақырылып, күтім жасау жөнінде ұсыныстар берді.
BAT Kazakhstan өкілдері «Қорғау» орталығының жұмысымен танысып, оның басшылығымен одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылады және компанияның әлеуметтік бастамаларды дамытуға нақты үлес қосуға ұмтылатынын растады.
Анықтама: «Қорғау» орталығында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер психологтардың, заңгерлердің, әлеуметтік қызметкерлердің көмегін тегін ала алады және 6 айға дейін уақытша баспанаға орналасады. Сенім телефоны: +7 702 892 9777.


