Астана тұрғындарын Tarlan Astana жеңіл рельсті көлігінің (LRT) екінші желісінің құрылысына байланысты жаңа қолайсыздықтар туралы ескертті. Қала әкімдігінің хабарлауынша, бүгіннен бастап екі көшеде бірден жол қозғалысына ішінара шектеу қойылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Елорда әкімшілігінің мәліметінше, шектеулер Tarlan Astana жобасының екінші кезеңін салу жұмыстарына байланысты. Атап айтқанда, Сығанақ көшесінің Төле би көшесінен Айтматов көшесіне дейінгі бөлігінде, сондай-ақ Айтматов көшесінің Сығанақ көшесінен Қ. Мұхамедханов көшесіне дейінгі бөлігінде қозғалыс ішінара жабылады.
«Жол қозғалысына қатысушыларды өзгерістерді ескеруге, жол белгілерінің талаптарын сақтауға және ағымдағы жол жағдайын ескере отырып, маршрутты алдын ала жоспарлауға шақырамыз», — делінген әкімдік хабарламасында.
Еске салайық, былтыр Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT жобасы жалғасатынын, келесі тармақтардың бірі Қосшы бағытында салынатынын мәлімдеген еді. Ал биыл мамырда LRT-нің екінші кезеңі — Қосшы қаласы бағытында құрылыс жұмыстарының басталғаны белгілі болды.


