Ақмола облысында жарым келіге жуық алтын, төрт тонна кентас және алты келі сынап тәркіленген жасырын алтын өңдеу цехі жойылды, деп хабарлайды infohub.kz.
Ақмола облысы прокуратурасының қолдауымен Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) қызметкерлері Шортанды ауданында қымбат металдарды заңсыз өндірумен айналысқан бір топ адамды қамауға алды. Операция барысында кентасты ұсақтау және балқыту жабдықтары, салмағы 446 грамм алтын құймасы, 4 тонна алтын құрамды материал, 6 кг сынап, сондай-ақ 2 млн теңгеден астам және 8 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақша қаражаты тәркіленді. Бұдан басқа, атыс қаруы мен оқ-дәрілер табылды.
Қазіргі таңда құқыққа қайшы әрекетке қатысы барлардың бәрі анықталып, заңсыз өндірілген қымбат металдардың көлемі есептелуде. Ұйымдастырушы қамауға алынып, тергеу жалғасуда. ҚМА мамандары Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.


