Қазақстан астанасында мас күйде Kia көлігін жүргізген жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ агенттігінің Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлауынша, тәртіп бұзушыны «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында патрульдік полиция қызметкерлері анықтаған. Полицейлер Kia маркалы көлікті құжаттарын тексеру үшін тоқтатқан, тексеру кезінде жүргізушіден ащы алкоголь иісі шыққан.

«Осыған байланысты ол медициналық куәландыруға жеткізілді. Медициналық куәландыру нәтижесі бойынша, ер адам жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған. Осы дерек бойынша құқық бұзушыға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік арнайы коммуналдық тұраққа қойылды», — делінген хабарламада.

Сот қаулысымен жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынғаны атап өтілді.

«Астана қаласы полиция департаменті мас күйде көлік жүргізу жол қозғалысының барлық қатысушыларының өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін еске салады. Мұндай әрекеттер ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Полиция жүргізушілерді жолдағы қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады», — деп ескертті полицияда.