Қазақстанда үздік журналист, тележүргізуші және жасанды интеллект қолданылған алғашқы жеңімпаз жоба анықталды. «Тұмар» мен «Үркер» марапаттары Astana Media Week 2026 аясында өткен салтанатты рәсімде табыс етілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Биыл екі ұлттық сыйлық алғаш рет Qazaqstan Media Awards брендімен біріктірілді. 12 номинация бойынша конкурсқа 600-ден астам журналист өтінім берді. Жеңімпаздарды тәуелсіз қазылар алқасы анықтады, оның құрамында журналистер, медиаиндустрия өкілдері және салалық сарапшылар болды.

Үздік тележүргізуші атағын «Еуразия» бірінші арнасының өкілі Вероника Вишневская жеңіп алды. Үздік деректі жоба үшін 24KZ телеарнасының «4739» жұмысы марапатталды, үздік телевизиялық материал үшін Qazaqstan телеарнасының «Қарқынды құрылыс» туындысы үздік деп танылды.

Үздік әлеуметтік жоба ретінде Jibek Joly телеарнасының «Правду в деталях» бағдарламасы, үздік телесериал ретінде Астана TV телеарнасының «Ауыл бапкері» туындысы танылды. «Үздік ақпараттық-талдау бағдарламасы» номинациясында 7-ші арнаның «Новости» бағдарламасы жеңіске жетті.

«Жылдың үздік журналисі» марапатын Жанар Сердалина алды. Үздік радио жоба ретінде Қазақ радиосының «Ойтұма» бағдарламасы, үздік медиажоба ретінде Tengrinews, Tengri TV танылды.

Жыл материалы ретінде «Ақтөбе» газетінде жарияланған Мирамгүл Рахатқызының «Жасанды интеллект: адамзат жаңа дәуірге аяқ басты» мақаласы атанды. Үздік талдау материалы үшін «Казахстанская правда» басылымының өкілі Лаура Тусупбекова «Моя ДНК — наше богатство» жарияланымының авторы ретінде марапатталды.

Сыйлық аясында алғаш рет жасанды интеллект саласындағы үздік жоба таңдалды. «Журналистика болашағы» атты жаңа номинацияда Altainews Media Centre «AI-ЖАН» жобасымен жеңімпаз атанды.

30 жылдыққа орай арнайы жүлделерді Президенттің телерадиокешені мен «Информбюро» иеленді.

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Кырыкбаев рәсімде технологиялар мен жасанды интеллект дамығанымен, кәсіби журналистика мен ісіне адал мамандар сұранысқа ие бола беретінін атап өтті.

«Медиасфераға қатысты мемлекеттік саясат бұдан әрі де өзгеріссіз қалады деп сенемін», — деді ол саланы қолдау туралы айта келіп.

«Тұмар» мен «Үркер» сыйлықтары 2017 жылы тағайындалған. Біріншісі отандық телевидение жетістіктерін, екіншісі баспасөз, радио және интернет-журналистиканы атап өтеді.