Астанада полицейлер үш келіден астам мефедронның таралуына жол бермеді: есірткі заты салынған алты кірпішше көліктен табылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бекеттердің бірінде 44 жастағы ер адам басқарған Toyota көлігі тоқтатылған. Ол есірткіні сақтап, одан әрі өткізу мақсатында тасымалдады деп күдікке ілінген.

Көлік салонын тінту барысында тәртіп сақшылары өзіне тән иісі бар ұнтақ тәрізді зат салынған алты кірпішшені тауып, тәркіледі.

Сонымен қатар ұсталған адам бұрын қалада «закладка» деп аталатын тастамалар қалдырған жерлерді көрсетті. Табылған заттардың барлығы тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат — мефедрон, оның жалпы салмағы үш келіден асты.

Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынған.

ІІМ мәлімдегендей, ұсталған ер адам тасымалдаушы рөлін атқарып, есірткіні одан әрі тарату үшін беруді жоспарлаған. Қазіргі уақытта құқыққа қарсы әрекетке қатысы болуы мүмкін басқа адамдар анықталып жатыр, деп қосты полицияда.