Астананың 8,5 мыңнан астам жас тұрғыны оқу жылының басында рюкзактар мен қажетті мектеп керек-жарақтарын тегін алады, деп хабарлайды infohub.kz.

Елордада 1 тамыздан бастап дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы басталды. Оның басты мақсаты — әлеуметтік осал отбасылардағы балаларға жаңа оқу жылына дайындалуға көмектесу.

Қала әкімдігінің мәліметінше, демеушілер есебінен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қайырымдылық көмек көрсетіледі. Оларға мектеп рюкзактары мен оқу құралдары табысталады. Қазір білім беру ұйымдары мұқтаж оқушылардың тізімдерін нақтылап жатыр.

Сонымен қатар, қолдау «Жалпы білім» қоры арқылы жүзеге асырылады. Материалдық көмек жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған отбасылардың оқушыларына, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға қарастырылған. Ақша қаражаты ата-аналардың немесе заңды өкілдердің шоттарына аударылады, осылайша олар мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе тауарларын өздері таңдап, сатып ала алады.

Бүгінгі таңда елорда мектептеріне материалдық көмек алуға 5 мыңнан астам өтініш түскен.

Бұдан басқа, 2-31 тамыз аралығында Астананың барлық аудандарында мектеп жәрмеңкелері өтеді, онда тұрғындар қолжетімді бағамен мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе тауарларын сатып ала алады. Сондай-ақ қалада «Мейірімді қолдар» қайырымдылық акциясы өтеді, оның аясында аудандық әкімдіктер мектеп керек-жарақтары мен оқу құралдарын жинау үшін арнайы контейнерлер орнатады.