Астанада модульдік дүңгіршектер жасау сылтауымен қазақстандықтардың ақшасын иемденуге қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталы мәлім еткендей, ақшаны иемдену схемасына 28 жастағы әйел күдікті деп танылып отыр.
«Алдын ала деректерге сәйкес, ол интернетте модульдік құрылымдарды жасау және орнату бойынша қызмет көрсету туралы хабарландырулар жариялаған. Мүдделі азаматтар онымен байланысып, жеке кездесіп, шарттарын талқылап, ақы ретінде ақша беріп отырған. Ақшаны алған соң әйел өзіне алған міндеттемелерді орындауды түрлі жағдайларға сілтеме жасап ұзақ уақыт кейінге қалдырған, кейіннен байланысқа шығуды тоқтатқан», — делінген ведомство хабарламасында.
Анықталған эпизодтардың бірінде келтірілген шығын көлемі шамамен 5 млн теңгені құрағаны белгілі. Сонымен қатар қазіргі таңда тағы төрт осыған ұқсас эпизод анықталды.
«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдікті еліміздің басқа өңірінің аумағында ұсталды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деп қосты ІІМ-де.
Полиция азаматтарға интернет арқылы мәміле жасасқанда сақ болуды, орындаушылар туралы ақпаратты тексеруді және тиісті құжаттарды рәсімдеп, мәміле шарттарын растамайынша ірі көлемде ақша бермеуді ұсынады.


