Астанада түнгі сағат 03:30-да моншада қатты музыка қосып, караоке айтқан 37 жастағы әйелге полиция айыппұл салды. Оның шулы тәртібіне жергілікті тұрғындар шағымданған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ-тің Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлауынша, Ішкі істер министрлігінің медиапорталының дерегінше, түнгі 03:30 шамасында Астанадағы Лепсы көшесінде орналасқан моншалардың бірінде тыныштықты бұзу туралы хабарлама түскен.

Полиция қызметкерлері оқиға орнына келіп, жағдайды анықтады. Мәлім болғандай, ғимаратта қатты музыка қосылып, шу мен дауыстар естілген. Сонымен қатар келушілер караоке айтқан.

Осы факті бойынша 37 жастағы азаматшаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.

«Полиция азаматтарды түнгі уақытта тыныштық сақтауға, айналадағы тұрғындардың заңды мүдделері мен демалыс құқығын құрметтеуге шақырады. Ойын-сауық орындарында демалған кезде де белгіленген талаптарды сақтау маңызды. Қатты музыка, айқай, шу мен караоке жақын маңдағы үй тұрғындарының демалысына кедергі келтірмеуі тиіс», — деді қалалық полиция департаментінде.