Астанада екі күнге созылған нөсерден 39 миллиметр жауын-шашын түсті (айлық норманың 70%-ы дерлік). Көшелер, тұрғын үй кешендерінің жертөлелері мен кіреберістері су астында қалды. Қатты жел ағаштарды құлатып, дуалдарды қиратты, ондаған автокөлік суға батты. Зардап шеккендер қала билігінен шығынды өтеуді талап етуде. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Қала әкімдігінің мәліметінше, небәрі 22 минуттың ішінде 11,5 миллиметр жауын-шашын түскен. Кейбір тұрғын үй кешендерінде жертөлелер, цокольдық қабаттар мен кіреберістер су астында қалды. ОСИ төрағасы Нурсұлтан Аймдосовтың айтуынша, шатырдан нөсер суы лықсып ағып, бассейн әсерін туғызып, жалғыз нөсер құдығы көтере алмаған. «Су тізеге дейін көтерілді. Мына табалдырық оңай атталып, барлығы НП-ларға құйылады, сол НП-лар арқылы біздің подвалға кетеді», — деді ол.

Елорданың басқа да тұрғын үй кешендері су астында қалды. Суды сорғызғанымен, нөсердің салдары әлі де байқалады: кейбір үйлерде лифт жұмыс істемейді, жертөлелер ылғал болып тұр.

Ең көп зардап шеккендер — автокөлік иелері. Су басқан көшелерде ондаған машина толықтай су астында қалып, иелері үстіңгі жағына шығып құтылған. Заңгерлердің түсіндіруінше, егер сараптама нөсер кәрізінің ақауын немесе тиісті күтімнің жоқтығын растаса, өтемақы талап етуге болады. Зардап шеккендердің көбі әкімдікке бейнеүндеу жазып жатыр.

Зардап шеккен Роберт Досаев: «Мен осы ауданның әкімі мен аудандық әкімдіктің шығынды өтеп, көлігімді қалпына келтіруін талап етемін. Себебі қозғалтқыш жұмыс істемейді, электронды жүйе істен шықты — машина мүлдем жарамсыз. Сондықтан біздің талап — көлікті толық қалпына келтіріп, келтірілген шығынды өтеу. Біз толық өтемақыны талап етеміз», — деді.

Құтқарушылар мен коммуналдық қызметтер жедел жетті. Олар суды сорғызып, адамдарды эвакуациялап, көліктерді сүйреді. Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті ТЖ жою басқармасының бастығы Бауыржан Ахметалиннің айтуынша: «Астана қаласы аумағында мол жауын-шашын салдарынан көшелер мен аумақтарды су басу, ағаштардың құлауы және электр қуатының өшуі тіркелді. Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті коммуналдық қызметтерге көмек көрсетті, оған 36 адам, 12 бірлік техника, сондай-ақ 8 мотопомпа жұмылдырылды. Жұмыстар жауын суын сорғызу, тұрғындарды эвакуациялау, көліктерді құтқару және ағаштарды кесу бойынша жүргізілді», — деді.

Синоптиктердің дерегінше, Астанада жаңбыр 25, 28 және 29 шілдеде жалғасады, қарқындылығы 14 миллиметрге дейін жетеді. Келесі аптада температура +32...+34 градусқа дейін көтеріледі. ТЖД қатты жауын-шашын кезінде мүмкіндігінше сыртқа шықпауға және жеке көлікпен жүруден бас тартуға кеңес береді.