Қазақстан астанасында қаржы пирамидасын құрып, алаяқтық жасаған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты сот процесі аяқталды. Қылмыстық схеманың құрбаны болған 100-ден астам азамат бар, деп хабарлайды infohub.kz.
Тергеу барысында анықталғандай, топ құрамына оннан астам адам кірген, олардың әрқайсысы белгілі бір рөлді атқарған. Қылмыскерлер азаматтарды автокредит рәсімдеуге көндіріп, 1-2 миллион теңге көлемінде сыйақы және қарызды толық өтеуді уәде еткен.
«Топ мүшелері азаматтарды 1-2 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы төлеу сылтауымен автокредит рәсімдеуге көндіріп, несие міндеттемелерін өздері өтейтінін уәде еткен. Алынған көліктер заңсыз сатылып, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шығарылған», — деп хабарлады прокуратура.
Іс материалдары бойынша, 100-ден астам адам зардап шеккен деп танылған. Барлығы алаяқтық схема арқылы 165 автокөлік рәсімделген.
Сот айыпталушыларды ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оны басқару, қаржы пирамидасын құру және оны басқару, сондай-ақ алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оларға бес жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Зардап шеккендердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін «Курсив» ҰҚК Астана қаласы ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әлия Макаеваның ұсталғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растағанын хабарлаған. Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерге сәйкес, ол ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар және заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Арнайы қызметте істің мән-жайын ҚР ҚПК-нің 201-бабына сілтеме жасап, ашпаған.


