Астанада қаржы пирамидасын құрып, 100-ден астам азаматты алдаған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сотталды, деп хабарлайды infohub.kz.
Сот анықтағандай, қылмыстық топ құрамына рөлдері нақты бөлінген 10-нан астам адам кірген. Алаяқтар 1-ден 2 млн теңгеге дейін ақшалай сыйақы төлейтінін айтып, азаматтарды көлік несиесін рәсімдеуге көндіріп, несие міндеттемелерін өздері өтейтінін уәде еткен. Алайда алынған көліктер заңсыз сатылып, оның ішінде Қазақстаннан тыс жерлерге шығарылған.
Прокуратураның мәліметінше, қылмыстық әрекет салдарынан 100-ден астам азамат зардап шеккен деп танылып, 165 көлік рәсімделген.
«Сот үкімімен кінәлілер ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оны басқару, қаржы пирамидасын құру және басқару, сондай-ақ алаяқтық үшін сотталды. Оларға 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — деді прокуратурада.
Сондай-ақ, зардап шеккендердің азаматтық талаптары қанағаттандырылғаны хабарланды.


