Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Астанадағы ажал құшқан өрттің себебін жарты жылдан кейін жариялады: пәтердегі от балалардың ойын-сауығынан тұтанған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Өрт кезінде пәтерде үш баласымен бірге әйел болған. Аман қалған тек сол — қайғылы оқиғадан кейін ол денесінің барлық жері дерлік күйіп, ауруханада ұзақ уақыт емделді. Өртте қаза тапқан қыздар 2 мен 13 жас аралығында еді.

«Өрттің себебі — балалардың ойын-сауығы. От іштен шыққан. Қылмыстық іс қазір Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 335-бабының 1-бөлігінің 2-тармағының негізінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы мен әрекетінің жоқтығына байланысты тоқтатылды», — деді Қазақстан Республикасы ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Руслан Қайрақбаев.

Еске салайық, 12 сәуірге қараған түні астананың Есіл ауданында Түркістан көшесіндегі 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерде өрт шыққан. Сонда 20 адам эвакуацияланды. Пәтерден үш кәмелетке толмаған баланың денесі табылды. Сонымен қатар, бір әйел күйіктермен ауруханаға жатқызылды.

Астана қалалық полиция департаменті кәмелетке толмағандардың денелері табылған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады, ал Төтенше жағдайлар департаменті пәтер екі құлыпты темір есікпен жабылғанын, құтқарушылар оны құралдармен ашқанын мәлімдеді.