Астанада қайғылы оқиға болды: отбасылық жанжал кезінде ерлі-зайыптының екеуі де қаза тапты. Көршілердің айтуынша, оқиғаға 12 және 14 жастағы екі бала куә болған. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
NUR.KZ тілшісінің мәліметінше, оқиға «Шығыс» тұрғын үй кешенінде болған. «Криминальный Казахстан» паблигінің дерегінше, 55 жастағы ер адам жанжал барысында 53 жастағы әйеліне пышақ жарақатын салып, кейін өзіне де пышақ жарақатын салған. Алған жарақаттарынан екеуі де оқиға орнында көз жұмды.
«Көршілердің айтуынша, болған оқиға 12 және 14 жастағы екі баланың көзінше болды», — делінген жарияланымда.
NUR.KZ тілшісі Астана қалалық полиция департаментіне сұрау жолдады. Ведомство ақпаратты растады.
«Кісі өлтіру және суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал кезінде 55 жастағы ер адам 53 жастағы әйеліне пышақ жарақатын салып, кейін өзіне де пышақ жарақатын салғаны анықталды. Алған жарақаттарынан екеуі де оқиға орнында көз жұмды», — делінген хабарламада.
Қазіргі таңда болған оқиғаның барлық себептері мен мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу жүргізіліп жатқаны атап өтілді.
«ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», — деп қосты полиция.


