Астанада Telegram-дағы "Pitbullshop" арнасы арқылы есірткі сатқан қылмыстық топ мүшелеріне үкім шығарылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің Polisia.kz медиапорталының мәліметінше, астанада және елдің басқа өңірлерінде "Pitbullshop" Telegram-дүкені арқылы есірткі сатқан қылмыстық топтың жолы кесілді.

Топтың жасы 25 пен 40 аралығындағы бес мүшесі анықталып, ұсталды. "Топтағы рөлдер нақты бөлінген. 35 жастағы ұйымдастырушы қылмыстық әрекетті басқарып, жеткізілімдер мен қаржы ағындарын бақылап отырды. 26 жастағы мүше оператор болып, интернет-дүкенді жарнамалады. 25 және 40 жастағы екі ер адам қаптаушы және курьер қызметін атқарып, тайник-жасырындарды жабдықтауға жауапты болды. Тағы бір айыпталушы есірткіні бөлшектеп сатумен және жаңа курьерлерді жалдаумен айналысты", — деді көліктегі полиция қызметі.

Тергеу деректеріне сәйкес, топ жұмыс істеген уақытта екі мыңға жуық тайник-жасырын жабдықталған, ал заңсыз сатудан түскен жалпы айналым 90 млн теңгеден асқан.

Өткен жылдың жазында қылмыскерлер ұсталды. Іс-шаралар барысында полицейлер 165 грамнан астам марихуана мен каннабис шайырын тауып, тәркіледі. Сондай-ақ қаптама материалдары, электронды таразылар, банк карталары, ақша қаражаттары және қылмыстық әрекетте қолданылған басқа да заттар тәркіленді.

Сот бес айыпталушының барлығын кінәлі деп таныды. Ұйымдастырушы 17 жылға бас бостандығынан айырылды, қалған мүшелері — 16 жылдан.