Астанада полиция 32 жастағы ер адамға рұқсат етілмеген жерде салқындағысы келгені үшін айыппұл салды. Тәртіп сақшылары құқық бұзушымен әңгіме өткізді, деп хабарлайды infohub.kz.

Есіл өзеніндегі «Жасыл тоғай-1» ауданындағы қалалық дамбада салқындағысы келген ер адамның видеосы тез арада танымал болып, көп қаралым жинады. Кадрларда ер адамның қалалық дамба маңында серуендеп жүргені көрінеді.

«+40 ыстықта ең жақсы кондиционер табылды», — деп жазды @batyrzhan.zhunusov бейнежазбаның астына.

Бейнежазба тәртіп сақшыларының да назарын аударды. Астана қаласы Сарыарқа ауданы полиция бөлімінің хабарлауынша, осы факті бойынша 32 жастағы елорда тұрғыны жалпы су пайдалану ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Құқық бұзушымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Полиция «Заң және тәртіп» қағидаты аясында кез келген құқық бұзушылықтың дер кезінде жолы кесілетінін ескертеді», — деп түсіндірді ведомство.