Астанада полиция 29 жастағы әйелді ұстады. Ол қонақүйлердің бірінде босанған соң, нәрестені кәрізге тастады деген күдікке ілінді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Бұл оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Астана полиция департаменті фактіні растап, күдіктінің ұсталғанын хабарлады.
Әлеуметтік желілердегі мәліметке сәйкес, әйел жүктіліктің алтыншы айында мерзімінен бұрын босанған.
Полицияның мәліметінше, нәрестенің кәрізден табылуына байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Қонақүйдің жанындағы тұрғын үй кешенінің тұрғындары қонақүй ішінен шыққан үрейлі айқайларға бірнеше рет шағымданған. Олардың айтуынша, әр түн сайын патруль шақырады, алайда полиция тиісті шараларды қолданбайды.
Астана полиция департаментінің хабарлауынша, 2026 жылдың басынан бері осы қонақүйден 102 арнасына 19 хабарлама түскен. «Түнгі тыныштықты бұзғаны үшін 13 адам, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 3 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деп мәлімдеді полицейлер.
Қонақүй иесіне қылмыстық құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс берілді. «Бұл аумақ учаскелік полиция инспекторларының тұрақты бақылауында», — деп түйіндеді департаменттен.
Бұған дейін Ақтөбеде қоқыс пакетінен тірі нәресте табылғаны хабарланған болатын.


