Астана полициясы Президенттік саябақта қызға шабуыл жасалғаны туралы хабарламадан кейін 27 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

29 шілдеде әлеуметтік желіде Астана тұрғынының Президенттік саябақтағы шабуыл туралы айтқан видеосы тарады. Оның айтуынша, таңертең белгісіз ер адам оны ұстап алған, алайда айқайдан кейін жіберіп, жақын маңдағы тұрғын үй кешеніне қарай қашып кеткен. Оқиғадан кейін қыз полицияға арызданған.

Сондай-ақ Threads желісінде оқиға туралы ақпарат таратуға шақыру пайда болды. Жарияланымда шабуыл сағат 09:05 шамасында Сарайшық көшесінің маңында, Бейбітшілік және келісім сарайының қасында болғаны айтылған. Автор белгісіз біреу қызға жұмысқа бара жатқанда шабуыл жасап, зорлық көрсетуге тырысқанын мәлімдеген. Бұл жарияланымға Ішкі істер министрлігі (ІІМ) реакция білдіріп, полиция қызметкерлері дереу іздестіру шараларын бастағанын хабарлады.

«Елорда тұрғынына қатысты саябақ аумағында жасалған құқыққа қайшы әрекеттер бойынша полиция қызметкерлері дереу іздестіру шараларын жүргізді. Қысқа мерзімде құқық бұзушының жеке басы анықталды. 27 жастағы ер адам ұсталып, полицияға жеткізілді. Қазір ол уақытша ұстау камерасына орналастырылды», — делінген ІІМ хабарламасында.

Ведомство ер адамның ұсақ бұзақылық үшін жауапқа тартылғанын нақтылады. Материалдар қарау үшін сотқа жіберілді. «Полиция еске салады: қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін бұзатын кез келген құқыққа қайшы әрекет дереу тоқтатылады, ал кінәлілер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады», — деп атап өтті ІІМ.