Астанадағы үйлердің бірінің ауласында сейсенбі күні әйел адамға пышақпен шабуыл жасалып, ол алған жарақатынан сол жерде көз жұмды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады, деп жазады infohub.kz.
Оқиға туралы ақпарат Shyndyk.kz Telegram-арнасында жарияланды. Арнаның дерегінше, 1996 жылы туған әйелге Астананың бір ауласында пышақпен шабуыл жасалған. «Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, әйел көлігін аулада тұраққа қойып жатқанда, оған пышақ ұстаған ер адам шабуыл жасаған. Куәгерлер шабуылдан кейін оның қашып кеткенін айтқан. Көршілердің сөзінше, марқұм шабуылдаушымен таныс болуы мүмкін. Болжам бойынша, ол әйелдің бұрынғы күйеуі. Әйелдің екі баласы қалды», — делінген жарияланымда.
«Астана — Что? Где? Когда?» Telegram-арнасының мәліметінше, өлтірілген әйелдің бұрынғы жұбайы болып табылатын ер адам ұсталған.
Астана Полиция департаментінің баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне хабарлағандай, 23 қыркүйекте сағат 20:00 шамасында полицияға әйелге шабуыл жасалғаны туралы хабарлама түскен. «Оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері келді. Ер адамның әйелге пышақ жарақатын салғаны анықталды», — деді ведомствода.
Алған жарақатынан зардап шеккен әйел сол жерде көз жұмды. Күдікті жедел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу шараларының кешені жүргізілуде.
Полиция департаментінде сондай-ақ болжамды қанішердің құқық қорғау органының қызметкері екені туралы ақпарат жоққа шығарылды. «Күдіктінің полиция қызметкері екені туралы тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Кінәлі адам заңның барлық қатаңдығымен жауапқа тартылады», — деп қосты ведомствода.


