Астанада 27 қыркүйекте «Астана Арена» стадионының маңында жол қозғалысы схемасы өзгереді. Мұнда Қайрат Нұртастың концерті өтеді, басталуы — 19:00-де. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Көлік қозғалысы «Алау» мұз айдыны жағынан Марко Поло көшесінде, сондай-ақ «Сарыарқа» велотрегі жағынан Месроп Маштоц көшесінде уақытша шектеледі.
Концерт қонақтарына қолайлылық жасау және көлік жүктемесін азайту үшін арнайы шаттл-бастар ұйымдастырылады. Олар сағат 16:00-ден бастап қаланың төрт тұрақ аймағынан «Астана Арена» стадионына қарай жүре бастайды. Мұнда көлікті қалдырып, стадионға дейін шаттл-баспен жалғастыруға болады.
«Концерт аяқталған соң шаттл-бастар көрермендерді сол тұрақ аймақтарына қайта жеткізеді: Астана циркінің жанындағы тұрақ, „Хазрет Сұлтан“ мешітінің жанындағы тұрақ, Қажымұқан көшесіндегі „Қазақстан“ спорт кешенінің жанындағы тұрақ, „Нұр-Сұлтан“ мешітінің (Бас Мешіт) жанындағы тұрақ», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ көрермендер концерт орнына тез әрі қолайлы жетуге мүмкіндік беретін «Тарлан Астана» жеңіл рельсті көлігін пайдалана алады.
«Маршрутты алдын ала жоспарлап, кептелістер мен стадион маңындағы тұрақ қиындықтарынан аулақ болу үшін мүмкіндігінше қоғамдық көлікті немесе шаттл-маршруттарды пайдалануға кеңес береміз», — деп қосты әкімдікте.


