Астанада қалалық электр пойыздарын қоғамдық көліктің жаңа түрі ретінде іске қосу мүмкіндігі қарастырылуда. Елорданың сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы бұл бастаманың бөлшектері мен болжамды мерзімін ашып айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұған дейін Астанадағы желіге жалпы сыйымдылығы 500 жолаушыға дейінгі бес пойыз жіберу жоспарланып отырғаны хабарланған. Келешекте электр пойыздары тәулігіне 16 мың адамға дейін тасымалдай алады. Бұл — LRT немесе автобустарға ұқсас қоғамдық көліктің жаңа түрі екені айтылған.

NUR.KZ тілшісі Астананың сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметіне жоспарланған іске қосу туралы толығырақ айтып беруін сұрап, сауал жолдады. Ведомство шешімнің әзірге түпкілікті қабылданбағанын, электр пойыздарын іске қосу нұсқасы ұсыныс мәртебесінде тұрғанын атап өтті.

«Ұзақ мерзімді келешекте теміржол көлігін қалаішілік жолаушылар тасымалының бір түрі ретінде дамыту үшін шамамен 2050 жылға қарай қалада әрқайсысының сыйымдылығы 500 жолаушыға дейінгі бес пойызды пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда», — деді басқармада.

Сондай-ақ жаңа теміржол желілерін салу қажет емес екені атап өтілді. Себебі әзірге Астана-1 — Нұрлы жол бағытындағы қолданыстағы теміржол тармағын пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда.

Келешекте станциялар негізгі қалалық магистральдармен қиылысатын жерлерде, соның ішінде Пушкин және Қошқарбаев көшелерінің тұсында орналасады.

Бұған дейін электр пойызындағы станциялар қандай болуы мүмкін екені де хабарланған: Қарағанды көлік хабы, Мұстафин көшесі, Пушкин көшесі, Бөгенбай батыр даңғылы.