Астанада Қошқарбаев даңғылында 15-20 қыркүйек аралығында көлік қозғалысы шектеледі. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, жөндеу жұмыстары Ш. Құдайбердіұлы мен Абылай хан даңғылдарының аралығындағы учаскеде жүргізіледі. «Астанада 15-20 қыркүйек аралығында Р. Қошқарбаев даңғылында, Ш. Құдайбердіұлы мен Абылай хан даңғылдарының аралығындағы учаскеде салмақ өлшейтін датчиктер астына асфальтбетон жабын төсеу жұмыстары жүргізіледі», — делінген қала әкімдігінің хабарламасында.
Жол жұмыстарына байланысты аталған учаскеде көлік қозғалысы екі бағытта да жолдың бір жағымен ұйымдастырылады.
Әкімдік қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қолайсыздықты азайту үшін жергілікті жерде жол белгілері мен көрсеткіштер орнатылатынын қосты. «Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден маршруттарын алдын ала жоспарлап, қозғалысты ұйымдастырудағы ықтимал өзгерістерді ескеру сұралады», — деп атап өтті қала әкімдігінде.
Бұған дейін Астанада жөндеу жұмыстарына байланысты Нұрмағамбетов көшесінде көлік қозғалысы ішінара жабылатыны хабарланған болатын.


