Астана тұрғыны белгісіз ер адамның мектептен қайтып келе жатқан қызын қадағалағанын хабарлады. Елордалық полиция оның кім екенін анықтап жатыр, деп жазады infohub.kz сайты.

Әйел өз мәлімдемесін Threads әлеуметтік желісінде жариялаған. Оның айтуынша, қара көзілдірікті ер адам қызды сабақтан кейін ілесіп жүрген.

«Автобусқа да мінді. Оның артынан түсті. Қызым қаша жөнелді, ол ер адам оның соңынан жүгірді. Ақырында қызым өз подъезіне кіріп үлгеріп, есікті жапты», — деп жазды астаналық әйел.

Кейінірек, әйелдің айтуынша, қызы сол ер адамның үйлерінің ауласында басқа да қызды қадағалағанын көрген.

Анасының сөзінше, бала қорыққан күйде үйден шықпай отыр.

«Бұл қандай қорқыныш! Енді өзім апарып-әкелемін», — деп жазды ол.

Сарыарқа ауданының полиция басқармасы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

«Осы дерек бойынша ер адамның кім екенін анықтау шаралары жүргізіліп жатыр. Ол анықталған соң қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Жедел әрекет ету үшін осындай жағдайлар туралы полицияға «102» арнасы арқылы хабарлауыңызды сұраймыз», — деді ведомствода.