Астанада түнгі уақытта фейерверк ұшырған бірнеше адам жазаланды. Бір ер адам «Бәйтерек» маңында досының баласын құттықтап, бес тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды infohub.kz.

Астана полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, осы аптаның өзінде елордада фейерверк ұшыруға байланысты қоғамдық тәртіпті бұзудың үш дерегі тіркелген. 22 шілдеге қараған түні тұрғын үйдің ауласында бір топ адам салют ұшырып, дауыс шығарып, тұрғындардың тыныштығын бұзған. Оқиғаға қатысы бар алтыға жуық адам анықталып, оларға тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Пиротехниканы 30 жастағы әйел ұшырған. Ол ұсақ бұзақылығы үшін 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылды.

Тағы бір дерек 23 шілдеде «Бәйтерек» монументі алаңында тіркелді. Онда да пиротехника ұшырылғаны анықталды. Тексеру кезінде 37 жастағы ер адам досын көптен күткен баласының дүниеге келгенімен құттықтағысы келгенін түсіндірді. Оның айтуынша, пиротехниканы интернет-дүкеннен алдын ала сатып алған. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Тағы бір оқиға 24 шілдеде Қошқарбаев даңғылында тіркелді. Онда 24 жастағы жігіт досын қыз алып келгенімен құттықтау үшін фейерверк ұйымдастырған. Оған қатысты әкімшілік материалдар дайындалып, шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.