Елордадағы электронды сауда-саттықта екі сәнді пәтер ұсынылды. Ең қымбат лот 363 миллион теңгеден астамға бағаланған, деп хабарлайды infohub.kz.

Электронды сауда порталындағы мәліметке сәйкес, Астанада «Green Village» және «Парижский квартал» тұрғын үй кешендерінде орналасқан үш пәтер сатылымға қойылған. Олардың бастапқы құны 112,9 миллион теңгеден 363,2 миллион теңгеге дейін өзгереді.

Ең қымбат нысан Шарль де Голль көшесіндегі «Парижский квартал» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Бұл жалпы ауданы 309,5 шаршы метрді құрайтын екі деңгейлі пәтер. Оның бастапқы бағасы — 363 244 554 теңге. Интерьері негізінен ашық түстерде орындалған, бөлмелерде сәндік кескіндеме, гипс өрнекті камин және алтын жалатылған шүмектері бар раковиналар орналасқан.

Екінші пәтер «Комсомольский» тұрғын алабындағы «Green Village» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Оның ауданы — 231 шаршы метр, ал бастапқы бағасы — 114 миллион теңге. Безендіруде бағаналар, ою-өрнекті терезелер, камин және көп мөлшердегі сәндік гипс өрнектер қолданылған. Бөлмелердің бірінде төбедегі безендіру ерекше назар аударады. Жуынатын бөлмеде ерекше бір деталь анықталды — онда мозаикамен «Винни-Пух және оның достары» мультфильмінің көрінісі салынған. Сонымен қатар, пәтерде оюланған элементтері мен алтын жалатылған піл сүйегі түсті көптеген жиһаз бар.

Үш нысан бойынша сауда-саттық 22 қыркүйекте сағат 10:00-де басталады. Оған дейін әлеуетті сатып алушылар сатылымға қойылған жылжымайтын мүлікті көре алады. Пәтерлерді қайтарылған активтерді басқару компаниясы e-Qazyna веб-порталы арқылы сатады. Сауда-саттық конкурс форматында өтеді: белгіленген талаптарға сәйкес келетін қатысушылар өз баға ұсыныстарын көтереді.