Астана тұрғыны түнгі клубтағы жанжалдан кейін топтың шабуылына ұшырағанын хабарлады. Қыздың айтуынша, оны жерге құлатып, аяқпен теуіп, шашынан сүйреген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Threads әлеуметтік желісіндегі welobeee деген атпен тіркелген қолданушы өз жазбасында Астанадағы клуб маңында көшеде өзіне шабуыл жасалғанын айтты. «Олар топ болып шабуылдап, мені ұрып-соғып, видеосын таратты. 15 тамызда мен бір жігітті байқаусызда түртіп алдым да, бірден кешірім сұрадым. Бірақ оның қыздарына бұл аздық етті: олар маған балағаттап, "Сен неге сонша кеңсің?" деп қорлай бастады. Сол жігіт те қосылып, маған қол көтере бастады. Араласқан күзетшілерге рақмет. Бірақ ол топ тынышталмады. Олар клуб жабылғанда таңғы сағат 6-да мені көшеде күтіп тұрып, топ болып шабуылдады. Мекеменің бейнекамераларынан менің жығылып, аяқпен теуілгенім, шашынан сүйрелгенім анық көрінеді. Нәтижесінде: бүкіл денемде гематомалар және жеңіл ми шайқалуы. Осы уақыт бойы күзетшілер оларды менен әрең ажыратып жүрді. Бірақ ең қорқынышы кейін басталды. Ол жігіт мені жатқан күйімде қыздары ұрып жатқан видеосын түсіріп, оны Telegram-арналар мен пабликтерге тарата бастады», — деп жазды ол.

Қазақстандықтың айтуынша, жанжалдасқан адамдар оған әлеуметтік желілерде жазып, полицияға берген арызын қайтарып алуды талап етіп жатыр. Бұл жарияланымға Астана полиция департаменті жауап берді. «Есіл ауданының полиция басқармасы дене жарақатын салу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, сараптама тағайындалды. Осы құқық бұзушылыққа қатысы бар барлық адамдарды анықтау шаралары қабылдануда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді», — делінген хабарламада.