Астанада 20 жастағы жігіт тұрғын үй ауласындағы шлагбаумды қасақана бұзып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеуінше, оқиға Бауыржан Момышұлы даңғылы бойындағы тұрғын үй ауласында болған. Жігіт шлагбаум құрылғысына бірнеше рет аяғымен соққы жасап, оны толығымен бүлдіріп, материалдық шығын келтірген. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіге тарады.
Осы дерек бойынша сот шешімімен азаматқа 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 216 250 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Полиция сондай-ақ жыл басынан бері елордалық құқық қорғау органдары бөтен мүлікті қасақана бүлдірудің 120-дан астам дерегін анықтап, әрқайсысы бойынша тиісті шаралар қолданғанын атап өтті.
«Қоғамдық тәртіпті сақтау және мүлікке ұқыпты қарау — қауіпсіз әрі жайлы қалалық ортаның маңызды құрамдас бөлігі. Бөтен мүлікті, соның ішінде тұрғын үй аулаларындағы инфрақұрылым элементтерін қасақана бүлдіру — зиянсыз әрекет емес, ол заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғады», — деді құқық қорғау органдарында.
Астана полициясы бөтен мүлікті бүлдіру деректерін анықтау және жолын кесу бойынша тұрақты түрде шаралар қолданып келе жатқаны белгілі болды.
«Бөтен мүлікті бүлдіру жасалған әрекеттің сипаты мен мән-жайына қарай Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілікке әкеп соғады. Тұрғындарды бөтен мүлікке ұқыпты қарауға, белгіленген нормаларды сақтауға және қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттерге жол бермеуге шақырамыз», — деп еске салды полиция департаментінде.


