Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін сотталған Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекованың оның бұрынғы жұбайы Назым Қахарманға қойған талап-арызы бойынша шешім шығарды. Арызда 14 млн теңгеден астам қаражат өндіріп алу сұралған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Іс материалдарына сәйкес, жеке кәсіпкер Нұрлыбекова 2023 жылғы 1 қарашада өзіне тиесілі үй-жайды жауапкерге — Назым Қахарман иелік ететін «NazKa» ЖК-ға 2029 жылғы 31 қазанға дейінгі мерзімге сенімгерлік басқаруға берген.
«Талап қоюшы жауапкердің өзінің мүлкін жалға беруден табыс алғанын, алайда үй-жайды пайдаланғаннан түскен қаражатты талап қоюшыға бермегенін және растайтын құжаттары бар толық есеп ұсынбағанын, мұның сенімгерлік басқарушы міндеттемелерін тиісінше орындамау болып табылатынын көрсетті», — делінген іс материалдарында.
Нәтижесінде Нұрлыбекова сот арқылы «NazKa» ЖК-дан шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін 14 074 771 теңге өндіріп алуды, сондай-ақ төленген мемлекеттік баж мен өкіл қызметіне жұмсалған шығынды өтеуді талап етті. Жауапкер болса, талап қою сомасы мен оны өндіру негіздерін негізсіз деп тауып, арызды толық көлемде қабылдамауды сұрады.
Дауды шешу барысында сот жауапкердің талап қоюшы алдындағы берешегінің жеткілікті әрі сенімді дәлелдерін анықтай алмай, талап қоюшының дәлелдерімен ішінара ғана келісті. Осы себепті соманың бір бөлігі — 5 839 380 теңге — қанағаттандыруға жатпайды, делінген шешімде.
«„Нұрлыбекова Альмира Балтабаевна“ ЖК-ның „NazKa“ ЖК-ға соманы өндіру туралы талап қоюын ішінара қанағаттандыру. „NazKa“ ЖК-дан „Нұрлыбекова Альмира Балтабаевна“ ЖК-ның пайдасына 6 665 391 теңге, 66 654 теңге мемлекеттік баж, 666 539 теңге өкіл қызметіне жұмсалған шығын өндірілсін. „Нұрлыбекова Альмира Балтабаевна“ ЖК-ның „NazKa“ ЖК-ға 7 409 380 теңге соманы өндіру туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылсын», — делінген сот шешімінде.
Шешімге апелляциялық шағым түсіруге болады.
Бұған дейін Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін сотталған Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман оған оның анасы сотқа талап қойғанын мәлімдеген. Ол кезде талап сомасы шамамен 25 млн теңге екенін айтқан.


