Астананың әкімшілік сотында блогер Ерболат Жанабыловтың тұрмыстық жанжал фактісі бойынша қозғалған ісі бойынша отырыс басталды. Іс қараудың басында-ақ сотталушы қоғам мен баспасөздің қатысуын шектеуді сұрады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Құрметті сот, мені түсірмеулерін және журналистердің қатыспауын, істі жабық өткізуді сұраймын. Бұл — жеке өмір, оларға бұны білудің қажеті жоқ деп ойлаймын», — деді блогер.

Оның жұбайы Эльмира Төлегенова да сотқа жүгініп, олардың жеке қарым-қатынасын жабық есіктердің артында қалдырғысы келетінін айтты.

Осы мәлімдемелерден кейін залда отырған журналистерден сот залынан шығуды сұрады.

Айта кетейік, Ерболат Жанабыловқа қатысты іс Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 1-бөлігі — «Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер» бойынша қозғалды.

73-баптың бірінші бөлігі отбасылық-тұрмыстық қатынастағы адамдарға құрметсіздік білдіретін, олардың тыныштығын бұзатын, тұрғын үйде жасалған, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын әрекет белгілері болмаса, былапыт сөйлеу, қорлайтын мазалау, кемсіту, үй мүлкін бүлдіру және басқа да әрекеттерді қамтиды. Бұл ескерту немесе 20 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту не 5 тәулікке әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.

Бұған дейін блогер Эльмира Төлегенова әлеуметтік желілердегі үндеуінде Ерболат Жанабыловпен ажырасып жатқанын айтқан. Сондай-ақ ол жұбайымен болған жуырдағы жанжалға қатысты пікір білдірді — әлеуметтік желілерде оның гардеробқа тығылып, ішінен жабылған видеосы тарады.

Кейін Ерболат Жанабыловтың жұбайы Эльмира Төлегеновамен тұрмыстық жанжалдан кейін жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

Сондай-ақ еске салайық, 27 сәуірде блогерлерге қатысты үкім шығарылды. Судья прокурор ұсынған мерзімдермен келісті — блогерлер заңсыз кәсіпкерлік және қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату) бойынша кінәлі деп танылды.

Сот сондай-ақ Жанабылов пен Төлегенова қылмыстық қаражатқа сатып алған iPhone 16 (17 дана) және Hyundai Elantra (8 дана) көлігін тәркілеуге шешім қабылдады.