Астана тұрғыны тіс емдеу клиникасында уәде етілген, бірақ көрсетілмеген қызметтер үшін ақшасын ішінара қайтарып ала алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, Астана қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жалпы құны 802 725 теңге болатын тіс емдеуге рассрочка ресімдеген азамат жүгінген.

Тұтынушыға тіс емдеу мен жұлуды, сондай-ақ брекет-жүйесін орнатуды қамтитын кешенді стоматологиялық қызметтер белгіленген мерзімде көрсетілуі тиіс еді. Алайда іс жүзінде төленген қызметтердің тек бір бөлігі ғана көрсетілген. Тұтынушыға ортодонт ұсынылмаған, ортодонтиялық емдеу жоспары жасалмаған, ал брекет-жүйесін орнату мерзімдері бірнеше рет кейінге шегерілген.

Осыған байланысты тұтынушы стоматологиялық клиникаға көрсетілмеген қызметтер үшін ақшаны қайтаруды талап етіп жүгінген, алайда тиісті жауап алмаған.

Өтінішті қарау барысында мамандар жағдайды реттеу бойынша жұмыс жүргізген. Нәтижесінде тұтынушыға көрсетілмеген қызметтер үшін ақша қайтарылған.

Баспасөз қызметінде атап өтілгендей: «Медициналық және өзге де қызметтерді төлеу кезінде тұтынушыларға шарттарды, чектерді, төлемді растайтын құжаттарды, сондай-ақ орындаушымен хат алмасуды сақтау ұсынылады. Даулы жағдай туындаған кезде орындаушыға жазбаша шағымды уақытылы жіберу қажет. Құқықтар бұзылған жағдайда тұтынушы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне кеңес алу және бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге жәрдемдесу үшін жүгінуге құқылы».