Астананың Байқоңыр ауданында Тараз көшесінде рұқсат құжаттарынсыз, мұндай нысанға арналмаған учаскеде салынған өзіне-өзі қызмет көрсететін көлік жуу орнын бұзу басталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана әкімдігінің мәліметінше, нысан тұрғын үйлерге тым жақын орналасып, жергілікті тұрғындарға қолайсыздық туғызған. Бұған дейін елордалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының инспекторлары заңсыз құрылыс иесіне бұзушылықтарды жою қажеттігін ескерткен, алайда ол бұл талаптарды елемеген.

«МСҚБ басқармасы бұл нысан бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша меншік иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Нұсқама орындалмағандықтан, басқарма нысанды бұзу туралы сот талабын қозғады», — деп түсіндірді Астана мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бас маманы Өміржан Керейхан.

Талас-тартыс сегіз айға созылып, нысанды бұзу туралы сот шешімімен аяқталды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда басқарма 341 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бұзушылықтарды жою туралы 182 нұсқама берді, жалпы сомасы 265 млн теңгеден асатын 702 әкімшілік айыппұл салды.

«Қала тұрғындарын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заң талаптарын сақтауға шақырамыз. Сондай-ақ аталған заңды сақтамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын еске саламыз», — деді әкімдікте.